Желіде Алматыдағы жасырын патрульдерге қатысты ақпарат тарады: полиция жауап берді
Алматыда жолдардағы бақылау күшейтілді. Енді ереже бұзғандарды жасырын патрульдер де тіркейді. Осыған байланысты мессенджерлерде жаппай хабарламалар тарала бастады: жүргізушілер жасырын патруль делінген көлік нөмірлерін бір-біріне жіберіп жатыр. Tengri Auto тілшісі бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін тексеру үшін Алматы Полиция департаментіне хабарласты.
Не болды?
Жүргізушілер чаттарында жасырын патрульдер болуы мүмкін деген көліктер туралы ақпараттарды бөліскен хабарламалар тарап жатыр.
Хабарламаларда автомобиль маркалары мен мемлекеттік нөмірлері көрсетілген.Скриншот: WhatsApp мессенджеріндегі таратылым
Полиция не деп жауап берді?
Ведомство ақпараты бойынша, қалада расымен де ашық және жасырын патрульдеу әдістері қолданылады.
Дегенмен полиция өкілдері мессенджерлердегі ақпараттар жалған деп атады.
"Мессенджерлерде тарап жатқан "патрульдердің орналасқан жері" туралы хабарламалар шындыққа жанаспайды және ешқандай практикалық маңызы жоқ. Бұл жүргізушілерге көмектеспейтін, тек адастыратын фейк әрі пайдасыз ақпарат", - деді ведомство өкілдері.
Полиция мұндай "ескертулердің" пайдасынан гөрі зияны көп екенін, керісінше, құқық бұзушылардың жауапкершіліктен жалтаруына жағдай жасайтынын баса айтты.
Жүргізушілерді тексерілмеген ақпаратты таратпауға және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.