Полиция Атырауда арнайы жасақ қызметкерлері түсірілген даулы видеоны тексеріп жатыр
Әлеуметтік желілерде Атырау облыстық жедел әрекет ету арнайы жасағы (СОБР) қызметкерлері түсірілген видео тарады. Онда бөлімше басшылығы қызметкерлерін былапыт сөздермен балағаттап, күш қолданып жатқаны көрінеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Видеоға қарағанда, оқиға қызметтік бөлмеде болған. Арнайы жасақтың екі қызметкерін балағаттап, былапыт сөздер айтылады. Олардың бірін алдымен шапалақпен, содан кейін белгісіз бір затпен ұрады.
Осы уақытта тағы бір адам ішке ешкім кіріп кетпеуі үшін есікті ұстап тұрады.
Ішкі істер министріне жолданған видеоға қатысты мәлімдемеде оқиғаға қатысы бар делінген адамдардың есімдері аталған. Олардың арасында Атырау облыстық Полиция департаменті жедел әрекет ету арнайы жасағынің командирі мен рота командирлері бар.
Полиция жауабы
Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі заңбұзушылық дерегін растады.
"Жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері тарапынан қызметтік тәртіпті бұзу дерегі расталды. Қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар бөлімше басшылығының әдепсіз әрекеттеріне байланысты қызметтік тексеріс басталды. Оның қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі", - деп хабарлады полиция.
Басылым мәліметінше, бұл Атырау облысындағы жедел әрекет ету арнайы жасағына қатысты алғашқы дау емес. Осыдан екі жыл бұрын қызметкерлер басшылық тарапынан жүйелі түрде ақша жинау және әділетсіздік туралы анонимді хабарлаған болатын. Сол кездегі тексеріс қорытындысы бойынша айыптаулар расталған жоқ.