Алматылықтардың зәресін алған жасөспірімдер елден шығарылуы мүмкін
Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, балалардың агрессивті әрі өрескел мінез-құлқы түсірілген видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Медеу мен Алмалы аудандық полиция басқармалары тексеру жұмыстарын бастаған.
"Кәмелетке толмағандар анықталып, аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Жасөспірімдердің Тәжікстан азаматтары екені белгілі болды. Барлығы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция.
Жасөспірімдердің заңды өкілдері бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Бұл адамдарға қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасы аясында оларды ел аумағынан шығаруды қарастыратын шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді ПД өкілдері.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by Алматы қаласының ПД | ДП г.Алматы (@almaty_police_department)
Еске салсақ, кеше желіде Алматыдағы жасөспірімдердің оғаш мінез-құлқына қатысты шағымдар жазылған видео тараған болатын. Қала тұрғындарының айтуынша, балалар дәмхана келушілеріне жақындап, ақша талап еткен, ал бас тартқандарға сес көрсетіп, тас пен орындық лақтырған. Полиция бұл дерек бойынша тексеріс бастағанын хабарлады.