Нұрайдың өліміне күдікті психиатриялық ауруханаға жатқызылды - адвокат
21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдіктінің қайда екені туралы жаңа мәлімет белгілі болды. Толығырақ Tengrinews.kz тілшісіне марқұмның ағасы мен отбасының адвокаты айтып берді.
"Күдікті қарқынды ем қабылдап жатыр": адвокат пікірі
Марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров іс аясында сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. Осыған байланысты 28 жастағы күдікті Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас ауылындағы мамандандырылған үлгідегі қарқынды бақылау жасалатын республикалық психиатриялық ауруханаға орналастырылған.
"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Күдікті мамандардың бақылауымен қарқынды ем қабылдап жатыр. Оның ақыл-есінің дұрыстығына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Емдеу аяқталғаннан кейін кешенді сараптама тағайындалады", – деп түсіндірді адвокат.
Бұл ретте қорғаушы бұған дейін Шымкентте ер адамның медициналық бақылауда болмағанын, тергеу изоляторында отырғанын нақтылады.
"Ол жауапкершіліктен қашуға тырысып жатыр"
Нұрайдың туыстары ер адам бұның бәрін нақты жазадан құтылу үшін жасап жатыр деп қауіптенеді.
"Екі сараптамадан кейін оның Талғарға ауыстырылғанын растады. Біз оны жауапкершіліктен қашуға тырысып жатыр деп есептейміз. Қазір оның адвокаттары мен отбасы қажетті анықтамаларды алу үшін бар күшін салады. Мұндай жағдайларда емдеу процесі созылып, сот кейінге қалу қаупі бар. Соңында оны есі дұрыс емес деп танып, ол жай ғана бостандықта қала ма деп қорқамыз", – деді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Редакция күдіктінің мамандандырылған мекемеге ауыстырылуының нақты себептерін анықтау, сондай-ақ жүргізіліп жатқан сараптамалардың егжей-тегжейін нақтылау үшін Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады.
"Кісі өлтіру", "Алып қашу" және "Сталкинг"
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылып отыр:
99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – "Аса қатыгездiкпен жасалға адам өлтіру";
125-1-бап – "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
115-1-бап – "Сталкинг".