Дүнген этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі мерекелік жиын өткізді
Бүгін Дүнген этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі белсенділері «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Наурыз келді ауылға!» тақырыбында мерекелік жиын ұйымдастырды.
Іс-шараға орталық директоры, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали, кеңестің төраға орынбасары Сара Даузова, бірлестіктің белсенді аналары мен мектеп оқушылары, сондай-ақ мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар көктемнің көркем дәстүрінің бірі – Көрісу жоралғысын жасап, бір-бірін амандықпен құттықтады. Сонымен қатар, аналар мекеме қызметкерлеріне өздерінің ұлттық тағамдарын тарту етті.
Іс-шараның келесі бөлімінде «Ана көрген» жобасы аясында аналар мен жиын қатысушылары қазақ халқының қыз-келіншектері мен кейуаналары киетін бас киім үлгілерімен танысты. Бұл бөлім қатысушыларға қазақ дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Жиын әрі қарай дүнген этносының аналары мектеп оқушыларымен бірлесе шағын кілемше жасап, оған көктемгі табиғат көріністерін бейнелеуге ұласты. Бұл шығармашылық сәт балаларды еңбекке баулып қана қоймай, аналардың ақыл-кеңесін тыңдау арқылы тәрбиелік мәнге ие болды.
Балалармен бірлесе жасалған жұмысты Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Иниятқызы жоғары бағалап, жиын қатысушыларын көктем мерекелерімен құттықтады және этносаралық қарым-қатынастың беріктігі мен еліміздегі бірліктің маңызы туралы айтты.
Сонымен қатар, іс-шара аясында дүнген аналары мекеме қызметкерлеріне ас үй шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік сабақ барысында қатысушыларға Сара Манкизқызы және кеңес мүшелері этностың ерекше дәстүрлі бәліші – “томомоның” жасалу жолын көрсетіп, тағамның қыр-сырын, дәмдік ерекшеліктерін және дастархандағы орнын түсіндірді.
Жиын соңында қатысушылар шеберлік сынып барысында дайындалған дүнген этносының “томомо” тәттісін татып көріп, үлестіріп алды.
Сообщение Дүнген этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі мерекелік жиын өткізді появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.