Қазақстаннан Ресейге 500 млн теңгенің майнинг жабдығы заңсыз шығарылмақ болған
Қазақстаннан Ресейге құны 500 миллион теңгеден асатын майнинг жабдығын заңсыз шығарылмақ болғаны анықталды. Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2025 жылғы 18 қазанда Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданындағы "Аят" автомобиль өткізу пунктінде Ресейге жалпы салмағы 8 тоннадан асатын майнинг жабдығын шығару әрекеті анықталған.
Прокуратура мәліметінше, бұл жабдық экспорттық бақылауға және лицензиялауға жататын арнайы тауарлар санатына жатады. Алайда жабдықты тасымалдаған ЖШС-де қажетті рұқсат құжаттары болмаған.
Бұл дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бірінші сатыдағы сот ЖШС-ні кінәлі деп танып, 98 300 теңге айыппұл салған, бірақ жабдықты тәркілеу туралы қосымша жаза қолданбаған.
Облыс прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық өтініш берген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 45-бабына және Жоғарғы соттың түсіндірмесіне сәйкес, жабдық мемлекет пайдасына тегін тәркіленуге тиіс.
Апелляциялық соттың қарауынан кейін майнинг жабдығы тәркіленді. Облыстық соттың қаулысы заңды күшіне енді, ал тәркіленген мүлік мемлекет кірісіне өткізіледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!