Қай өңірлерде жол апатынан адам өлімі жиі болады: статистика
Қазақстанда қыс мезгілі жол жүргізушілер үшін нағыз сынаққа айналады: көктайғақ, қарлы боран мен қою тұман әр сапарды қауіпті етеді. Тengri Auto тілшісі биылғы қыста қай өңірде, қанша жол-көлік оқиғасы болғанын анықтап көрді.
Қыста қанша жол-көлік оқиғасы болды?
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі кезең бойынша деректерді ұсынды. Оған сәйкес, қыстың үш айында ел бойынша 7 742 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде 429 адам қаза тапты.
Ең көп жол апаты Алматыда тіркелген - 1 588 ЖКО. Бұл түсінікті, мегаполисте елдегі ең үлкен автопарк шоғырланған.
Соңғы мәлімет бойынша, қалада 623 091 жеңіл автокөлік тіркелген. Сонымен қатар Алматыға күн сайын қала маңынан және облыстардан жүздеген мың көлік кіреді.
Ең аз ЖКО Ұлытау облысында тіркелген - үш ай ішінде 56 апат. Бұл елдегі ең шағын автопаркпен байланысты болуы мүмкін - 31 399 жеңіл автокөлік.
Өліммен аяқталған жол-көлік оқиғалары
Өлімге әкелген апаттар саны бойынша бірінші орында Алматы облысы тұр. Мұнда 745 ЖКО-да 63 адам қаза тапқан, бұл өңірдегі барлық апаттың 8,5 пайызы.
Алайда қаза тапқандар саны мен ЖКО санының арақатынасына қарасақ, ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген - 289 ЖКО-да 42 адам қаза тапқан, яғни 14,5 пайыз.
Ең төмен өлім көрсеткіші Астанада тіркелген - 509 ЖКО-да 5 адам қаза тапқан, бұл барлық апаттың шамамен 1 пайызы.
Жол-көлік оқиғалараның себебі
Мәліметтерге сәйкес, ЖКО-ның негізгі себебі - жаяу жүргіншілерге немесе қозғалыстың басқа қатысушыларына жол бермеу, мұндай 1 932 апат тіркелген.
Екінші орында - маневр жасау ережелерін бұзу (1479 ЖКО), ал үшінші орында - жылдамдықты арттыру (924 ЖКО).
Бұл ретте ең қауіпті ереже бұзушылық жылдамдықты арттыру екені анықталды: 924 апат және 138 адам өлімі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!