“Тосын шешім болды“. Қамшыбек Тәшиев қызметтен кетуіне қатысты пікір білдірді
Әлеуметтік желілерде Қырғызстан ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевтің атынан үндеу жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg-ке сілтеме жасап.
Онда Қамшыбек Тәшиев бұған дейін жасалған отадан кейін тексерілуден өту үшін президенттің рұқсатымен шетелге шыққанын айтты. Оның сөзінше, қызметтен босату туралы шешім тосыннан болған. Сонымен қатар, Тәшиев қандай жағдайда да мемлекет басшысының шешімі орындалуға тиіс екенін атап өтті.
"Мен мемлекетімізге, халқымызға және президентке адал қызмет еттім және соны мақтан тұтамын. Бір өкініштісі, маған жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік берілмеді. ҰҚМК-дағы әрбір қызметкерге алғыс айтып, табыс тілеймін", - делінген үндеуде.
Сөз аяғында Қамшыбек Тәшиев азаматтарды заңды сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге бармауға шақырып, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызын айтты.
24.kg сайтынан скриншот
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиевтің Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы қызметінен босатылғаны белгілі болды. Тиісті жарлыққа республика президенті Садыр Жапаров қол қойған.
Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Садыр Жапаров "бұл қадамның басты мақсаты - мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында да, жікке бөлінудің алдын алу" екенін айтқан.
Алайда кейінірек президенттің баспасөз хатшысы шиеленісті Тәшиев емес, оның жақын айналасындағы адамдар туғызғанын хабарлады. Олар депутаттарға қоңырау шалып, "генералдың жағына шығуға" және "президенттің жаңа сайлауын бастамалауға" үгіттеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!