Естір құлақ болса, елдің ішінде, есті әңгіме көп қой шіркін. Пенде байғұстың көже қарны тойғанмен, көңіл қарны тоймайды екен көп жағдайда. Көже қарынның азығы бір тостаған ауқат болса, көңіл қарынның қорегі ғибратқа толы жақсы әңгіме.
Бүгінгі досымыздың дастарханынан көңіл қарнымыз тойып, бір марқайып қайттық. Төбе бидей төрде отырып, бата берген ағамыз әңгіменің тиегін ағытады екен, ауызымыз ашылып тыңдаумен болдық. Кеңес өкіметінің тұсы, мектепті жақсы бітіріп, арман қуып Алматыға оқуға түскен тұсым. Бұрын соңды ауылдан шықпаған қойшының баласымын. Алматыда арқа сүйеп баратын ағайын да, табан тіреп баратын туысқаным да жоқ. Соқыр тауыққа бәрі бидай демекші барымыз да, нарымыз да ауылдасымыз Нарымбет...