Петропавлда көзіне пышақ кіріп кеткен үш жасар сәбидің жағдайы ауыр. Дәрігерлер ауруханаға дереу жеткізілген баланы аман алып қалу үшін бар күшін салып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Жағдайы ауыр. Жедел түрде жансақтау бөлімшесіне орналастырылды. Қажетті барлық емдеу жүргізілді. Дәрігерлер консилиум жасап, КТК жасалынып, мамандармен келісім жасап, операцияға көрсеткіші жоқ. Бүгінгі таңда алты сағат сайын нейрохирургтар мен офтальмологтардан консультация алып жатырмыз. Бүкіл қажет ем-шара жүргізіледі", - Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.
Ойын баласы асүйде жүріп пышаққа құлапты. Осы сәтте жанында анасы да болған. Бірден жедел жәрдем шақырып ауруханаға жеткізгенше, сәбидің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, баланың көзі зақымданбаған. Пышақ жанарының үстінен өтіп, миының ортасына дейін жеткен. Қазір сәбидің өмірі үшін арпалысып жатқан дәрігерлер болашақта бұл жарақатының денсаулыққа қандай әсері болатынын айта алмай отыр.
Ал полиция баланың неден жарақат алғанын анықтауға кірісті.
"Полиция бөлімшесіне үш жасар баланың ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгені туралы ақпарат түсті. Петропавл полициясы баланың жарақат алу себебін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, бұл жағдай оқыстан болған", - деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Меңдібаева.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!