eGov Mobile арқылы қазақстандықтар құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан 10 жылға дейін бас тарта алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұрын пайдаланушылар 6 айдан 12 айға дейін тыйым салу мерзімін таңдай алатын болса, енді құмар ойындар мен бәс тігуден өз бетінше бас тартудың ең жоғары мерзімі 10 жылға ұзартылған. Қызметті eGov Mobile мобильді қосымшасында алуға болады.
"Сервис өтінімдерді өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартады және құмар ойындарға өздігінен тыйым салуды орнату процесін жеңілдетеді. Ол кез келген азаматқа барлық лицензияланған ойын алаңдары мен букмекерлік компаниялардың онлайн платформаларына қол жеткізуді шектеуге мүмкіндік береді. Қызмет тек 21 жастан асқан адамдарға қолжетімді екенін атап өткен жөн", - делінген хабарламада.
Қызметті пайдалану үшін:
eGov Mobile мобильді қосымшасында авторизациядан өтіп, "Қызметтер" → "Спорт" қойындысына өту;
"Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервис" тармағын таңдау;
шектеудің аяқталатын жылы мен айын көрсету үшін "Қызмет алу" түймесін басып;
өтінішке Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.
"Өтініш бергеннен кейін пайдаланушы автоматты түрде құмар ойындарға қатысуына шектеу қойылған адамдардың тізіміне енгізіледі, өтінішті қайтарып алу мүмкін емес. Бұрын шектеу қойғандар үшін оның мерзімін ұзарту мүмкіндігі бар. Қайта өтініш берген жағдайда, жүйе пайдаланушыға шектеудің ағымдағы жағдайы туралы хабарлап, оны ұзартуды ұсынады".
Жаңартылған функционал ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотореяны реттеу комитетімен бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!