Синоптиктер желтоқсанда қазақстандықтарды қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Болжамға сәйкес, желтоқсанда Қазақстанның көп бөлігінде қар, боран және екпінді жел күтіледі. Оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен жылбысқы қар жаууы мүмкін, ал таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда қалың қар жауады деп болжанған. Батыс пен оңтүстікте көктайғақ пен тұман болады.
Желтоқсанның бірінші онкүндігіндегі ауа райы болжамы
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде ауа температурасы -10-18 градустан -3-10 градусқа дейін, күндіз 0-8 градустан -3+5 градусқа дейін өзгереді.
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде -5+5 градустан -1-8 градусқа дейін, таулы аймақтарда -10-15 градусқа дейін, күндіз -5+5 градустан +5+12 градусқа дейін көтеріледі.
Батыста түнде -1-8 градус, Каспий теңізінің жағалауында +3 градусқа дейін жылы болады, күндіз +1+8 градус аралығында. Онкүндіктің соңына қарай күндізгі температура -5+3 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндігіндегі ауа райы болжамы
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -18-23 градустан -7-12 градусқа дейін, күндіз -4+1 градустан -8-13 градусқа дейін өзгереді. Кей күндері түнде -25-35 градусқа дейін, ал күндіз -10-20 градусқа дейін аяз күтіледі.
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде температура -7-18 градустан 0-5 градусқа дейін, күндіз 0-5 градустан +3+12 градусқа дейін өзгереді. Үшінші онкүндіктің кей күндері түнде -15-22 градусқа, ал күндіз -5-13 градусқа дейін аяз күшейеді.
Жалпы алғанда, Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы қалыпты шамада болады деп күтіледі, ал жауын-шашын мөлшері елдің көп бөлігінде орташа көрсеткіштерден асып түседі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!