Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева балаларды қараусыз қалдыру мәселесі бойынша бастама көтерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Балалар омбудсменінің ұсынысына себеп болған оқиға - қайғылы өрт оқиғалары. Закиеваның мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың басынан бері Қазақстанда 15 өрт оқиғасы болып, соның салдарынан балалар қаза тапқан. Көбінесе қайғылы оқиға балалардың үйде жалғыз қалуынан болған.
"Бұл оқиғаларды талдай отырып, 12 жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салатын заңнамалық шараларды енгізу қажет деп есептеймін. Әрине, сонымен қатар қолдауға мұқтаж отбасылар мемлекет ұсынатын көмек бағдарламаларымен қамтамасыз етілуі тиіс", - деп жазды балалар омбудсмені Instagram парақшасында.
Еске салайық, 11 қазанда Қостанай облысындағы Жітіқарада қараусыз қалған бес бала өрт кезінде және үйдің шатыры құлауы салдарынан қаза тапты. 2011 жылы туған үлкен бала аман қалды. Бас прокурор қылмыстық іс бойынша тергеу барысын бақылауға алды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!