Түркістан облыстық ветеринария басқармасының "Ветеринарлық қызмет" ШЖҚ МКК басшысы сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Антикор мәліметіне сілтеме жасап.
Түркістан қалалық сотының үкімі бойынша, облыстық ветеринария басқармасының "Ветеринарлық қызмет" ШЖҚ МКК басшысы Б. Бегманов сотталды.
"Ол аудандық ветеринариялық қызметтердің 115 қызметкеріне сыйақы ретінде төленген жалпы сомасы 5,5 миллион теңгені жинау арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімі бойынша, Б. Бегмановқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды", - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!