Алматыда Орталық кеден зертханасының басшысы сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Антикор мәліметіне сілтеме жасап.
Биылғы 18 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қалалық орталық кеден зертханасының басшысы А. Сатыбалдиев пен бас маман Әлібеков Б-ға қатысты үкім шығарды.
"Олар кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерінен кеден сарапшыларының қорытындыларын жеделдетіп бергені үшін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сатыбалдиев пен Әлібековке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сол үкімі бойынша, кеден брокерлері Николас В., Казанцева С. және Гаруни С-ға пара бергені үшін айыппұл салынған.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!