Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 11 жыл мерзімге қарыз береді. Тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары жұмысқа қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның айтуынша, Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы несие туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы 2024 жылдың 18 қарашасында Үкіметтің қаулысымен енгізілген. Келісім 2024 жылдың 11 қазанында Астанада жасалған.
"Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарыз Қазақстан Республикасына 84,9 миллиард йенге (шамамен 270,8 миллиард теңге) беріледі, өтеу мерзімі – 11 жыл. Қарыз қаражаты республикалық бюджет тапшылығының жоспарлы көлемі аясында ел экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін тартылады", – деді Татьяна Савельева Мәжілістің пленарлық отырысында.
Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасы бойынша қорытынды дайындайды.
Еске сала кетейік, өткен Мәжіліс отырысында депутаттар Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы өарыз туралы келісімді ратификациялауға мүмкіндік беретін заң жобасын жұмысқа қабылдаған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!