Талғарда қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың отбасын полиция күзетеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы полиция мәлімдеді.
"Келіп түскен арызға сәйкес, 4 қазанға қараған түні Талғар ауданында қаза тапқан кәмелетке толмаған баланың отбасы күзетпен қамтамасыз етілген. Отбасының тұрғылықты жері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің тарапынан тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болаттың үйі өртеніп кеткенін жазған едік.
"12 қазан күні сағат 00:50-де Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында тұрғын үй өртеніп кетті. Шақыру орнына Алматы облысы ТЖД 10 қызметкері мен 3 бірлік техникасы дереу жіберілді. Бірінші өрт сөндіру бөлімшесі жеткен сәтте сағат 01:08-де тұрғын үйдің шатырының өртенгені анықталды. Үй толығымен отқа оранған", – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт 01:38-де оқшауланып, 01:43 сағатта сөндірілді. Жалын 56 шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі нақтыланып жатыр.
"Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің қызметкерлері оқиға орнында", – делінген хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!