Ербол мен Гүлжанар – Америкаға арман қуып келген жас отбасы. Олар 2021 жылдан бері Нью-Йоркте тұрып жатыр. Ербол мен Гүлжанардың Мағжан есімді ұлы бар. Ол қазір 6 жаста. Мағжан биыл 1-сынып табалдырығын аттады. Massaget.kz тілшісі қазақстандық анамен сұхбаттасып, Бруклиндегі мектептің ерекшелігі жайлы білді.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Гүлжанар баласы Бруклиндегі мектепте тегін оқитынын айтты.
"Мағжан осы уақытқа дейін екі түрлі мектепке барды. Бірі – жалпыға білім беретін мектеп, қоғамдық мектептер. Оған бәрі бірдей бара бере алады, ол мектепте Мағжан нөлінші сыныпта оқыды. Ал қазіргі 1-сыныпқа барып жүрген мектебі – Charter schools Success Academy деп аталады, ол үкімет тарапынан, яғни қала мэрінің атынан қаржыландырылады. Мысалы, жыл соңында балалар емтихан тапсырған кезде барлығы рейтинг бойынша жақсы баға алып тұрса, соны қала әкімдігі көбірек қаржыландырады.
Мектепте тегін оқимыз. Нью-Йорк штаты бойынша біз тұрып жатқан штатта бала 3 жастан бастап тегін білім ала алады. 3 жасқа дейін балабақшаларға ақша төлеу керек: айына 800 доллардан басталады. Егер бала 3 жастан бастап тегін барсын десеңіз, әр жылдың ақпан айынан бастап сайтқа тіркеліп, лотереяға қатысып, орын аласыз", – дейді ол.
Бруклинде сабақ тамыздың 15-і басталады, маусымның 26-сы күні аяқталады. Оқу жылы 4 тоқсанға бөлінбейді, Жаңа жылға дейін бір оқиды, желтоқсанның 20-сынан, қаңтардың 3-іне дейін демалады, содан соң жалғастырып оқиды.
"Жалпы Америкада білім беру жүйесі басқаша. Біздің елде үш буын да бір мектепте оқыса, ал бұл жақта бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек ғимаратта оқиды. 1 сыныпта шамамен 50 бала бар. Оны 4 топқа бөліп тастаған. Шамамен 10-12 баладан оқиды. Сыныбы өте әдемі жасақталған. Терезелері үлкен, төбелері биік, іші әдемі безендірілген", – дейді Гүлжанар.
Сондай-ақ ол оқушылар мектепке арнайы автобустармен қатынайтынын айтты. Алайда олардың үйі мектепке жақын болғандықтан, автобус көмегін алмағандарын айтты. Автобусты көбіне алыстан қатынайтындар пайдаланады екен.
"Мектеп формасын тегін береді"
"Біз былтыр барған қоғамдық мектепте форма сұраған жоқ. Қазіргі барып жүрген мектепте бала міндетті түрде мектеп формасын киюі керек: көк жейде, қызғылт-сары галстук, қою көк түсті шалбар, қызғылт-сары белдік, қара туфли мен қара шұлық және қою көк түсті свитер. Мектеп форманы бастапқы бір-бір данадан тегін береді, ал егер қосымша шалбар немесе галстук керек болса, ата-ана тапсырыс беріп, сатып ала алады", – дейді Гүлжанар.
"Бұл жақта Қазақстандағыға қарағанда пәндер саны аз"
Анасының айтуынша, Мағжан математика, оқу, ғылым, би және шахмат сабақтарын оқиды.
"Шахмат пен би кезектесіп болады. Оқушылар сабаққа сағат 7:30-да кіріп, 16:20-да шығады. Мектепте сабақтарды өтеді, тамақ ішеді және сондай-ақ 40 минут ойнауға (play time) беріледі. Бала ол кезде не істесе де өзі біледі. Ойнау бөлмесінде лего, пазл, магнитті құрастырғыштар, ермексаз, кітаптар және пуфиктар бар", – дейді қазақстандық.
"Мектеп бағдарламасында "күрделендірме" принципі қолданылады"
Гүлжанар Берік Нью-Йорктегі метеп бағдарламасы Қазақстаннан әлдеқайда басқаша екенін айтты.
"Мұнда "күрделендірме" деген принципті қолданады. Баланың миына артық салмақ салмау керек. Тапсырмалар көбіне логикаға беріледі. Мұндағы мектеп бағдарламасы Қазақстандағыға қарағанда бір қадам алда. Мысалы, Қазақстанда 1-сыныпта әліппе, сауат ашу дегенді оқып жатса, мұнда балалар кітаптар, энциклопедиялар және өз жасына сай комикстер оқып жүр. Біздің елде дүниетану, жаратылыстану сабақтарын өтсе, бұл жақта оларды қосып, ғылым сабағына біріктіріп тастаған", – дейді ол.
Сабақтар көбіне дискуссия түрінде өтеді.
"Қазір бұл жақта менің қайын сіңілім 12-сыныпта оқып жатыр. Ол да мектептегі бағдарлама біздің елдегіге қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі қарапайым екенін айтты, - дейді Гүлжанар. - Көбіне сыни ойларға және өз ойларыңды айтуға мән береді. Бұл жақта бәрін факт бойынша айтады. Мысалы, мынадай болды деп ойлайық, елестетейік демейді. Америкада мынадай оқиға болды. Соған қатысты оқушының ойын және сезімдерін сұрайды. Көбіне дискуссия түрінде өтеді. Баланы көбірек сөйлетеді".
Оқушыға бағаны қалай қояды?
Қазақстандық ананың айтуынша, Америка стандарты бойынша, сабаққа баға қойылады.
"Баға қойылады, бірақ бізге үйреншікті 4 немесе 5 деген баға емес. Пайызбен есептеліп, А, В, С деген секілді бағалар қояды. Біздегі университеттердегі бағалау жүйесіне ұқсайды. Бірақ баға жайлы сыныптың ішінде айтылмайды. Сыныптың ішінде балалар бір-бірінің қандай баға алып жатқанын білмейді. Баланың бағасын мұғалім мен ата-ана біледі. Сыныпта балалардың бәрі тең. Біздің елде кей мектептерде үздік оқитындарды ерекшелейді, алға отырғызады, ал нашар оқитын балаларды артқа отырғызады. Бұл жақта барлық бала тең құқылы", - дейді ол.
Гүлжанар мектепте оқушылардан әр 2 ай сайын бақылау жұмыстарын алатынын атап өтті.
"Мысалы, мұнда сабақ тамызда басталды, қазанның алғашқы екі аптасы бақылау жұмыстарына арналады. Бір қызығы, бұл жақта полиграфияға, баланың жазуына мүлдем мән бермейді. Бастысы, бала жазып берсе және ойын жеткізсе болғаны. Дәптерін бояп тастаса да бәрібір, тек есептің нәтижесіне қарайды. Ал мен біздің елдегі білім жүйесіне үйренгендіктен, маған оның дәптерін таза ұстамайтындығы ұнамайды. Дәптерінің іші боялып және сызылып жатады. Алайда ұстазы оның қазір бала екенін, кейін таза жазуға үйренетінін айтады", - дейді жас ана.
"Үй тапсырмасын компьютермен орындаймыз"
Гүлжанар Бруклиндегі мектепте оқушы үй тапсырмасын компьютермен орындап, мұғалімге жіберіп отыратынын айтты.
"Үй тапсырмасын береді. Тапсырмалардың барлығы компьютермен орындалады. Күнделікті кешкі 12:00-ге дейін жіберіп отыру керек. Мұғалім сол жақтан тексеріп отырады. Жеңілдіктер бар, мысалы, барлығын бір күнде де істеп жіберуге болады. Ол үшін белгілі бір дедлайн қойылады: мысалы, жексінбі күні сағат 23:59-ға дейін барлық тапсырмаларды жіберу керегі жазылады. Алайда біз балаға жеңіл болу үшін және күнделікті даму болу үшін үй тапсырмаларды күнделіктісін күнде орындап жібереміз.
Компьютердің бетіне жазуға болатын арнайы қаламы бар. Бала тапсырмаларды сол қаламмен жазады. Парақ бермейді. Бір жағынан, мұғалім өнімділігі үшін. Себебі парақты жинау, тексеру қиынырақ. Екінші жағынан, экологияға әсерін ескереді", - дейді қазақстандық.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.