Қайтыс болған 14 жастағы мектеп оқушысының отбасы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
4 қыркүйекте Темір ауданы Қопа ауылында 9, 10 және 11 сынып оқушылары арасындағы кикілжің салдарынан 9-сынып оқушысы қаза болғаны белгілі болды.
Марқұм Нұржан Сыдықтың әпкесі Tengrinews.kz тілшісіне оқиғаның мән-жайын айтып берді. Қыз інісі оқыған ауыл мектебінде әлімжеттік бар деп есептейді.
"Олар төбелеседі, бастауыш сынып оқушыларын ұрып-соғады. Інімнің сыныптастарын үнемі ұрып-соғатын. Біз олардан сұрап көрдік, қыздар да онда жиі әлімжеттік болатынын айтады. Қопа ауылы өте кішкентай. Онда адамдар аз. Ол жерде бір ғана мектеп бар. Ал әлімжеттік соңғы 10 жылдан бері бар деуге болады, әлі күнге дейін жалғасып келеді", - дейді марқұм мектеп оқушысының әпкесі Айжан Сыдықова.
Оның айтуынша, мектеп оқушылары арасындағы жанжалға 15 жасөспірім қатысқан. Ол төбелес шығарғандар арасында спортшылар да болғанына сенімді. Өйткені ұрып-соғу ізі болмаған, марқұмның құлағынан аузынан қан кеткен.
Қайтыс болған баланың отбасы қылмыскерлер жазасыз қала ма деп қауіптенеді. Олар әділ тергеу мен сотқа қолжеткізгісі келеді.
Сондай-ақ, ол жерде жатқан інісін көлікпен өтіп бара жатқан жергілікті тұрғын байқап қалғанын айтты. Туыстарының айтуынша, ол жедел жәрдем шақырған. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушы жедел жәрдем келгенше қайтыс болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!