Жамбыл облысында Білім күніне орай 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның біреуі Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында ашылды.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында Тараз қаласының «Арай» (600 орындық) және «Казарма» (180 орындық) тұрғын алқаптарында жаңа мектептер балалар игілігіне берілді.
Ал Меркі (150 орындық), Қордай (150 орындық), Сарысу (50 орындық) аудандарындағы үш білім ұясының ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді.
Жаңа білім ұялары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу бөлмелері кең әрі жарық, зертханалар мен компьютерлік сыныптар заманауи технологиялармен жабдықталған.
Бұдан бөлек, мектепте оқушылардың денсаулығы мен спорттық қабілеттерін дамытуға арналған спорт залы, кітапхана, асхана және медициналық кабинет бар.
Білім күні облыс мектептерінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты шара ұйымдастырылып, оған бірінші және 11-сынып оқушылары қатысты.
Айта кетейік, 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыға есігін айқара ашты. Оның 21 мыңға жуығы 1-сыныпқа қабылданды.
Сообщение Жамбыл облысында 6 жаңа мектеп пайдалануға берілді появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.