Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ШҚО-дағы кеніште 4 адам қаза тапқан жазатайым оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Комиссияны Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Батырбек Қизатов басқарады, оның құрамына ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті мен ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері кірді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, жазатайым оқиға 31 тамызда болған. Сағат 16.25-те Шығыс Қазақстан облысы Алтай кентінде, "Востокцветмет" ЖШС Ертіс кенішінің "Ертіс" шахтасында ауысым кезінде белгісіз затпен улану белгілері бар 4 жұмыскердің денесі табылды.
Министрліктің мәліметінше, қаза болған екі кенші - "Востокцветмет" ЖШС қызметкері, тағы екеуі - "Шахтстрой Инжиниринг" ЖШС мердігер ұйымының қызметкері.
"Востокцветмет" ЖШС-нің тағы бір жұмыскері, ұңғымашы А.К. Қамбаров ауруханаға жатқызылды. Комиссия жазатайым оқиғаның себептерін анықтайды", - делінген хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!