Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Өңірлік кадр резервінің "Құрылымдық сұхбат" кезеңінің комиссия отырысы өтті. Жоба аясында үміткерлер таңдаған салалық бағыттарына сәйкес жобаларын қорғап, комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Комиссия құрамында мәслихат төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері, басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері болды, сондай-ақ сарапшылар тартылды.
Өңірлік кадр резерві – жас басшылар пулын қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап үміткерлердің құжаттары қабылданды.
Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаментімен бірлесіп жүргізілді.
Жалпы Өңірлік кадр резервіне 478 жамбылдық өтініш берген, оның 39-ы жобаның соңғы "Құрылымдық сұхбат" кезеңіне жолдама алды.
Үміткерлердің 14-і әлеуметтік, 10-ы индустрия және өнеркәсіп, 7-і экономика және қаржы, 3-і цифрландыру, 2-і агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, 2-і тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, 1-і экология саласын таңдаған.
Комиссия отырысында кандидаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негізделген жобаларын қорғады. Атап айтқанда, олар инвестициялық әлеуетті арттыру, денсаулық сақтау саласын жаңғырту, ауыл шаруашылығын түлету тетіктері мен өзге де бағыттарды ұсынды. Бұдан бөлек, жасанды интеллектіні өндіріске енгізу, NEET санатындағы жастардың санын азайту, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бастамаларын көтеріп, ойларын ортаға салды.
"Өңірлік кадр резервіне алынған жалынды жастар өзгерістердің қозғаушы күші, мықты тірегіне айналып, мемлекетеміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосады деген сенімдеміз", - деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, Өңірлік кадр резервіне 25 кандидат жолдама алады. Олар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардағы "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жұмысқа орналасатын болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!