ШҚО ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері алтын өндірумен заңсыз айналысқан "кеншілерді" ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Арнайы техниканы пайдаланған екі топ облыстың бірнеше аудандарында бағалы пайдалы қазбаларды өндірумен заңсыз айналысқан. Жедел уәкілдер олардан барлық қажетті атрибуттарды тауып алып, тәркіледі.
Бір қызығы кеншілер жұмыстарын мұқият жасырып, көзден таса ұстаған. Тек тікұшақпен аймақты аралап, қарағанда ғана анықталған.
"Құрамында 7 адамнан тұратын бірінші топ Самар ауданында жұмыс істеген. Металл детекторлары арқылы олар жер учаскелеріне барлау жүргізген. Кейіннен экскаватормен топырақтың үстіңгі қабаты алынып, алтын кесектерін өндірген. "Кеншілердің" әрекеттері нақты жүйеленген. Жұмыстың периметрі бойынша "жұмыс" деп аталатын аймаққа бөтен адамдардың кіруіне жол бермеу үшін мотоцикл посттары қойылған. Күзетшілерде тегіс ұңғылы мылтық болған", - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары олардан шамамен 5-6 грамм алтын кесектерін, техника, қару-жарақ, оқ-дәрілер мен тиегіші тәркіледі. 11 адамнан тұратын тағы бір топ Үлкен Нарын ауданында жұмыс істеген.
"Мұнда да дайындалған схема бойынша бағалы металдар өндірілген. Онда полицейлер техникадан басқа 20 грамнан астам алтын, 6 металл іздегіш пен радиостанция тапты. Заңсыз әрекеттерді толық тіркеу үшін жедел уәкілдер пилотсыз ұшу аппаратын қолданған".
Құқық бұзушылар бірнеше баптар (Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, қаруды заңсыз сақтау, алып жүру) бойынша жауапқа тартылды. Алынған инвентарь мен техника мемлекет кірісіне тәркіленуге жатады. Жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалдың құнын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!