Әдетте ортаншы балаларға басқаларға қарағанда аз көңіл бөлінеді деген пікір бар. Бұл шынымен де солай ма және ол баланың ересек өміріне қалай әсер етеді? Бұл сұраққа "Tengri Life"-ке қазақстандық психолог Асанәлі Хамзин жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Ортаншы бала синдромы" - үлкен және кіші балалардың ортасында дүниеге келген балалар сезетін психологиялық жағымсыздық.
Асанәлі Хамзиннің айтуынша, көпбалалы отбасыда балалар жиі ата-ананың назарына таласады. Алайда "ортаншы бала синдромы" барлық отбасыда бірдей кездеспейді.
"Кейде ортаншы балаға туыстары одан үлкен немесе кіші бауырына қарағанда оған аз көңіл бөлетіндей көрінуі мүмкін. "Ортаншы бала синдромы" осыдан шыққан. Мұндай бала зейіннің жетіспеуін бүлікшілік жасау және агрессия көрсету арқылы, кейде жиі ауыру, энурез және тұтығып сөйлеу арқылы орнын толтыруы мүмкін", - дейді психолог.
Психологтың айтуынша, адамда "ортаншы бала синдромы" есейгенде де сақталуы мүмкін.
"Бұл синдромның ересек өмірде бірнеше артықшылығы бар. Мысалы, икемділік және бейімделгіштік. Бірақ кемшіліктері көбірек. Әдетте ортаншы балалар өз қалауларына тыйым салады. Яғни, аз нәрсеге қанағат етеді. Өз потенциалының ашылуына мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ олар өскенде де оларды жақсы көре ме деп күмәнданады, бұл серігімен жиі келіспеушілікке әкелуі мүмкін. Оған қоса, мұндай балалар жиі ата-анасына тәуелді болады", - дейді психолог.
Балаңызға қалай көмектесе аласыз?
Әр бала - жалғыз және ерекше екенін түсіну маңызды. Олардың барлығы сіздің назарыңызды қалайтынын ұмытпаңыз. Әр балаға жеке-жеке уақыт бөлуге тырысу керек.
Психолог кеңесі:
Ортаншы балаға әрекетімен өзіне назар аудартпайтындай уақыт бөліңіз;
Оның жеке жетістіктерін мойындаңыз;
Балаларды бір-бірімен салыстырмаңыз;
Балаға өз қызығушылығын табуға көмектесіңіз;
Оның отбасы мүшесі екенін айтуға ұмытпаңыз.
"Балалардың бақытты болуының басты шарты - бақытты ата-аналар. Бала әке-шешесі бір-бірін жақсы көретінін көріп өссе, ол махаббатқа толы ортада тәрбиеленеді. Ата-ананың бір-біріне деген махаббаты балаға деген махаббат секілді өте маңызды", - дейді ол.