Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздегі ең нашар және ең жақсы жолдары бар өңірлерді атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Алдын ала жасалған қорытындыға сүйенсек, жергілікті жолдардың жағдайы Маңғыстау (95 пайыз), Жамбыл (95 пайыз) және Алматы (91 пайыз) облыстарында жақсы. Ал сапасы көңіл көншітпейтіндей жолдар Батыс Қазақстан (39 пайыз), Ақтөбе (66 пайыз) және Атырау (70 пайыз) облыстарына тиесілі", - делінген хабарламада.
Биыл еліміздегі 4,6 мың шақырымдай жергілікті автожол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Осы мақсатқа 372 миллиард теңге бөлінген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өңірлер ішіндегі жол инфрақұрылымын дамыту үшін 486 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 391 жоба бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынса, жаңғырту мен тұтастай құрылысқа байланысты 95 жоба жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың аяғына дейін автомобиль жолдарын жөндеуге байланысты 164 жобаны, сондай-ақ жолды салып, жаңғырту бойынша 6 жобаны соңына дейін жеткізу межеленіп отыр.
"Солтүстік Қазақстан облысындағы Лавровка – Чкалово автомобиль жолының 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би - Басықара аудандық маңыздағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың 1-кезеңі тәмамдалып қалды", - деді ИИДМ өкілі.
Бұдан бөлек, биыл Алматыдағы Абай даңғылының жалғасын абаттандыру бойынша да жұмыстар соңына дейін жеткізілмек. Бұл ретте аталған даңғыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының 6 радиалды тармағының бірі саналатынын айта кеткен орынды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша еліміздегі жергілікті жолдар желісінің нормативтік жағдайы жыл соңына дейін 85 пайызға жеткізіледі деп көзделіп отыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!