Ұлттық банк Koshpendi Sadagy коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Монеталардың сатылымға түсетін күніне қатысты ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында қосымша жарияланады.
ҰБ мәліметінше, Koshpendi Sadagy коллекциялық монеталары күмістен (алтын жалатылған) жасалған. Массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 миллиметр, дайындау сапасы proof, номиналы 500 теңгелік, таралымы 5 000 дана.
"Koshpendi Sadagy монетасының реверсінде садақ атып тұрған көшпенді жауынгердің бейнесі орналасқан. Ал монетаның жоғарғы бөлігінде көшпенділер қаруының символы ретінде ұшып бара жатқан жебелер көрсетілген. Монета аверсінің орталық бөлігінде Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Бұл қорғаныс қалқанының аллегориясын білдіреді. Елтаңбаның айналасында ою-өрнек пен мемлекеттік және ағылшын тілдеріндегі QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN жазулары, ҚҰБ логотипі және монета номиналының, дайындау металының, сынама мен массаның белгілері орналасқан", - делінген хабарламада.
"Ежелден садақ көшпенділердің негізгі қаруы ретінде қолданылып, спорттық және бәсекелестік рухтың нышаны саналған".
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша, сондай-ақ банктік шоттарға аударуға және еліміздің барлық банктерінде аудару, айырбастау үшін олардың атаулы құны бойынша қабылдануға міндетті.
Күмістен жасалған монеталар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҰБК сапа сертификаттары бар кәдесый қаптамасында шығарылады. Коллекциялық монеталар Қазақстандық теңге сарайында жасалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!