Ақтаспайдың аты аталған жерде бұл ауылдың еркек кіндік баласына дейін бір сөйлемей қалмайды. Тіпті қатын-қалашы да: «Е, әлгі біздің жиен бе?» — деп немесе: «Өй, сол жындыны қойшы», — деп отырғаны. Андап қарасаң, олардікі де дұрыс... әйел шіркін «кімнің түтінін түтетсе, соның сөзін сөйлейді ғой». Оның үстіне, нағашылы-жиенділердің ала қалжың айтысында «жалғыз үйлі жиеннен» жеңіліп қалмайтын Қойсал тұқымының болашақ мықтыларын тәрбиелеп шығаратын да солар. Сондықтан балаларының санасына сөз сайысында айтылатын уәждің бәрін осы бастан құя беру де — солардың міндеті.
Айтпақшы, Ақтаспайдың кім екенін айтпас бұрын, әуелі көпшілікке тоқтала кетелік. Түбекте отырған бұл ауыл — бір шал-дан тараған... түгелімен Қойсал!...