Олар ауылдың жанындағы төбе басына шығып, ентіктерін басып сәл тұрды да, қарақшыдай қақиып-қақиып қалғандарын ыңғайсыз көргендей, сол тұрған жерлеріне отыра кетті
Қайнаған жаз ортасы еді.
Жұрт күнұзақ терезелерін тұмшалап тастап, қаракөлеңке үйлерінен тұяқ серіппейтін де, тек осындай керсаумал қоңыр леп ескен кешкілікте ғана күйтің-күйтің тіршілік қамына кірісетін. Бүгін де сол: қора-жайлардың маңынан, әр жер-әр жерден ағараңдаған орамал-жаулықтар көріне бастапты. Жұрт дегенде азын-аулақ кемпір-шал мен балалы әйелдер, сонсоң кеңседе есепқисаппен айналысатындар болмаса, ауылда адам қалмаған да кез еді. Жұмысқа жарайтындардың бәрі шөп шабуға көшіп кеткенді. Сондықтан да, төбе басынан қарағанда алақан аясындағыдай көрінетін шағын ауылда қыбыр аз, бейсеубет жүріс жоқ. Бірбіріне...