Танакөз бүгін де ұйқысынан ерте оянды. Жуынып-шайынып алғаннан кейін ас үйге барып, күндегісінше балаларының таңертеңгі шәйін қамдауға кірісті. Өтіп бара жатып, үйреншікті әдетімен қабырғаға ілулі тұрған кішкентай радиоқабылдағыштың түймешесін баса салып еді, бөлме ішін күмбірлеген домбыра үні кернеп кетті. Танакөзге Түркештің «Көңілашары» шалқып-тасып, ашық терезеден далаға лап қойып, қала үстінде қалықтап, таулардан асып, бүкіл даланы жайлап бара жатқандай көрінді. Бұл не деген сиқыр десейші! Домбырадан дүркіреп төгілген жеңімпаз әуен қуанышты, шат-шадыман екпінімен елітіп, баурап бара жатыр. Байқап жүр — бұл күй тыңдаған адамның жан-дүниесін дүр сілкінтіп, қанаттандырады екен. Тіпті көңілі жарым кездің өзінде еңсесін еріксіз тіктеп, адамды әлемнің барша бояуы...