ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде кеңес өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі министрлік сайтына сілтеме жасап.
Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров ірі қара мал басын көбейту және сиыр еті өндірісін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, сондай-ақ, аграрлық бизнестің бірқатар өкілдері түсініктеме беріп өтті.
АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде республикада 7,1 миллионнан астам ірі қара мал бар, оның ішінде сүтті ІҚМ - 4,7 миллион бас, етті бағыттағы ІҚМ - 2,3 миллион бас. Жыл сайынғы ішкі мал басының өсімі - 5 пайыз. Елімізде бір жолғы бордақылаудың 279 мың бас мал орнына арналған 113 бордақылау алаңы бар. Биыл 52 мың бас малға арналған 24 бордақылау алаңының құрылысы қаржыландырылды. Бордақылау алаңдарын айналым қаражаттарымен қамтамасыз ету мақсатында "Агроэкспорт" бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Мал шаруашылығы өнімінің өзіндік құны құрылымындағы үлесі 70 пайыз болатын жемшөп өндірісіне ерекше көңіл бөлінеді. Жемшөп дақылдарының алқабын биылғы 3,3 миллион гектардан 2021 жылға қарай 4 миллион гектарға дейін жеткізу көзделген.
Кеңеске қатысушылар мал басын көбейту, оның өнімділігін арттыру, бордақылау алаңдарына жемді жеткізуді қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын мал шаруашылығы саласына тарту мәселелерін талқылады.
Үкімет басшысы өкілетті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ өңірлер әкімдіктеріне аграрлық бизнес өкілдерімен бірлесіп Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асырудың оңтайлы тетіктерін егжей-тегжейлі және кешенді пысықтауды тапсырды.
Облыс әкімдіктеріне мал шаруашылығы секторына ірі егін егетін шаруашылықтар мен жайылым иелерін тарту арқылы ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау жүктелді.