— Мына бір жілікті айналайын Әдешжан мүжісінші. Ауылдағыдай қайдан болсын түге, тісін-тісіне қойып отыр ғой. Мына қалтаны да салдым, ауылдың дәмі ғой. Айтпақшы, әлгі жаман немесі бар екен-ау, тағы. Ой былдырлаған неме-ай, өзің де сағындым-ау әбден. Өстіп жүріп оны да тосырқатып жібереді ғой енді. — Апам тынымсыз сөйлеп жүр.
Қалбалақтап, қолы әр нәрсеге бір барады. Бір чемоданды жайлау үшін әп-сәтте үйдің ішін аударыстырып тастады.
— О немеге де сақтағаным бар еді, ұмытпасам осында ма екен?
Апам енді сырлы кебеженің қақпағын көтерді.
Әрең дегенде жиналып болып жолға шықтым. Апам оны-мұны айтып, бір тынар емес. Екі жылдан бері, ана ғой, қатты сағынса...