Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді
Мәжіліс төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2026 жылғы 20 наурызда сағат 10.00-де Астана қаласында шақырылсын", - деп жазылған өкім мәтінінде.
Айта кетейік, 18 наурызда Үкімет отырысы барысында премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 20 наурызда палаталардың бірлескен отырысында «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралатынын мәлімдеген.
Сондай-ақ ол заң жобасы парламентке жолданып қойғанын айтты. Құжат жаңа Конституция мен Мемлекет басшысының 2025 жылғы жолдауын іске асыру аясында әзірленген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!