Атырау облысында мектеп құрылысы 3 жылға созылып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24kz телеарнасына сілтеме жасап.
Есбол ауылында 320 орынға арналған білім ордасының іргетасы 2021 жылы қаланған. Бірақ мердігер құрылыс материалдарының қымбаттауын сылтау етіп, жүктелген міндеттемені орындай алмады. Қазір ол сот арқылы шеттетіліп, жаңа мекеме іске кірісті.
Екі қабатты мектептің тек қабырғалары қаланып біткен. Есік-терезені айтпағанның өзінде шатырының өзі жартылай жабылған. Қазір жаңа мекеме баяу болса да, жұмысты жүргізіп жатыр.
"Біз маусым айынан бастап алдық. Жаңа компания. Құрылыстың тас қалануы бітіп тұр. Біз қалған жұмысты бастап жатырмыз. Жалпы қазір жоғарыда шатырын жасап жатырмыз. Тоқ жүргізу, сантехника жұмыстарын бастап жасап жатырмыз. Келесі қыркүйек айына дейін бітіруге тырысамыз", - дейді мердігер мекеме өкілі Нұржан Харифуллин.
Есбол ауылдық округінде 5 мыңға жуық адам тұрады. Сол себепті мектепке сұраныс жоғары.
"Оқушылар үш жерде білім алуға мәжбүр. Жаңа мектеп қолданысқа берілсе, елді мекеннің біраз проблемасы шешілетін еді. Негізінен ауылымызда 3 орта мектеп бар. Бірақ оның біреуі апатты жағдайда 1936 жылы салынған мектеп. Екіншісі бұрынғы 140 балалық балабақша сәйестендірілген ғимарат. Сондықтан 140 балалық мектептің орнын балабақша айналдыратын едік. Себебі, әр жылда ауылымызда 100-110 бала балабақша кезегіне тұрады", - дейді ауыл әкімі Асхат Тілекқабыл.
Дегенмен, 3 гектар жердегі құрылыс алаңында атқарылатын жұмыс көп. Әлі жылу жүйесі мен жарық тарту керек.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!