Біздің ауыл Салықсалғанның иығында отырған. Шілденің дәл ортасы болса да, бұл жерде қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жайма-шуақ сәтінде, төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың. Қанша құласаң ауырсынбайтын, канша құласаң жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмсақ тиюші еді-ау. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен, осы Салықсалғанның кез келген жеріне жерошақ қазсаң, көлкілдеген су шыға келетін. Әсіресе, жаңбырлы күндері қырдан құлаған лайсаңға айналып, шошайтып-шошайтып қарағай бөренеден қиып салған үйлердің мазасын кетіретін. Ол кезде колхоз. Колхоздың сиыры күніне үш рет сауылады. Ал әр сауынның арасында шөп шауып,...