Жұрт бас қосқан бір жиын-тойда қыздар мені итермелеп: «Шара би билейді» деді. Домбырашылар тартқан күйдің ырғағына орай билей бастадым. Сонда көз алдыма қанат қаға ұшқан құстардың қалықтағаны, рауандап атып келе жатқан таң алдындағы гүлдердің бүр жарғаны, не болмаса таутекенің шың басына секіргені, жорға аттың жүрісі т.б. елестеп, музыка сазындай естілді. Осы қимылдарды салып, шыр көбелек айнала бердім. Ұршықша айналып келіп тоқтай қалғанымда, жұрт маған қарап қалыпты. Содан бері «биші қыз» деген атаққа ие болдым.
Қазақ биі негізінен қол, бас, мойын, көз, иық секілді түрлі дене мүшелерінің қимылдарымен биленеді. Ал біз оны қиюын тауып, үйлестіре білсек, қазақтың ұлттық биінің өз ерекшелігі...