Жетісу облысында 11 күн бұрын Көксу ауылында жоғалып кеткен 3 жасар баланың денесі табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өңірдің полициясы мәліметінше, іздеуде жүрген бала Мұқаншы өзеніне батып кеткен, оның денесін іздестіру топтары тауып алған.
"Жоғалған баланы іздеу жұмыстары аяқталғаны туралы хабарлауға мәжбүрбіз. Өкінішке қарай, күдіктеріміз расталды. Баланың денесі Мұқаншы өзенінен табылды. Полиция департаменті марқұмның отбасына шын жүректен көңіл айтады. Барлық ересектерді (ата-аналар мен қамқоршыларды) балаларға мұқият болуға, оларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Сіздің зейініңіз бен қамқорлығыңыз осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға ықпал етуі мүмкін",-деп хабарлады облыс ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, 3 жасар Алдияр 7 қыркүйекте жоғалып кетті, оны соңғы рет Жетісу облысы, Көксу ауданы, Көксу ауылындағы үйінің ауласында көрген. Бұған дейін сәбиді іздеуге 400-ден астам адам жұмылдырылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!