Мені тек дала кезіп, тоғай аралаған екен деп ойлай көрмеңіз. Менің жұмыр басым не көрмеді дейсіз. Көк теңіздерді кешіп, мұхиттарды малтып өткенде ешкім естіп білмеген небір сойқан оқиғаларды бастан өткіздік.
Бірде үлкен кемемен Үндістанды бетке алып, тартып кеттік. Ауа райы адам айтқысыз тамаша еді. Алайда біз белгісіз бір аралдың маңында аялдап тұрғанымызда керемет дауыл тұрды. Дауылдың күштілігі сондай, аралдың бірнеше мың (одан да көп-ау!) ағашын түп-тамырымен жұлып алып, аспандағы бұлтқа бір-ақ алып ұшты.
Ал дауыл тоқтағанда, әлгі аспанға ұшқан ағаштардың әрбірі бұрынғы өз орындарына түсіп, бұрынғысынша тамырын жайып өсе бастады. Аралда әлгінде ғана дауыл болды дейтін емес, бәрі өз қалпында....