Әділет министрлігінің Алматы бойынша әділет департаменті Hugo Boss контрафактілік өнімдерін әшкереледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2024 жылдың 28 тамызында Әділет министрлігінің Алматы департаменті Hugo Boss тауар белгісін заңсыз пайдаланған жалған тауарларды сату дерегінің жолын кесті", - делінген хабарламада.
Hugo Boss AG компаниясы өкілінің шағымы бойынша, Алматы көтерме сауда базарларының бірінде ерлер киімін көтерме сатумен айналысатын жеке кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында Hugo Boss тауар белгісін заңсыз пайдалану дерегі анықталған.
"Үйлестірілген іс-қимылдар нәтижесінде 1.5 миллион теңгеден астам сомаға 1 600 дана жалған тауар тәркіленді. Айта кету керек, бұл кәсіпкер жалған тауарларды Қазақстанның барлық өңірлеріне сатқан. Сондай-ақ, тауардың сатып алу құны нақты сомадан 300 пайызға асатыны анықталды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша кінәлі тұлғаға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр. Осы баптың санкциясы тауарларды тәркілей отырып, 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды көздейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!