Лудомания - тәуелділіктің кең тараған түрі. Бұл кезде адам азарттық және компьютерлік ойындарға беріліп кететіні соншалық, шынайы өмірінен алыстап кетеді. Ол бар жиған-тергенін ойындарға қалай салып жібергенін өзі де байқамай қалады. Бұл ауру жыл сайын мыңдаған отбасылардың өмірін бұзып жатыр. Ойынқұмар адам айналасындағылардан өз проблемасын жасырып, қарызға батады.
Еліміздегі лудомания дертімен күресу үшін оның пайда болу себебін білу маңызды. Оған көптеген факторлар әсер етеді. Десе де, психологтар бір ауыздан адамның ойынқұмар болуының негізгі себептерінің бірі балалық шақтан екенін айтады. Адамның ойынқұмар болуына қандай факторлар әсер етеді? Бұл сұраққа психологтардың жауаптарын ұсынамыз.
Манап Алмагүл Серікқалиқызы, психолог-консультант:
- Бұл балалық шақтан пайда болады. Ата-анамен қатынаста бала өзіне бейсаналы түрде нақты бір шешімдерді алады. Сол шешімдерді өз өміріне енгізеді. Мысалы, егер анасы эмоционалды суық болса, онда оның махаббатын жаулап алу үшін бала жағымсыз болсын назарды талап етеді.
Неліктен біз ата-ана, ата-анамен қатынас деп жатамыз? Себебі осыда. Біз бәріне ата-ана кінәлі деп жатқан жоқпыз. Бірақ бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау маңызды. Біз бүкіл өміріміздің сценарийін балалық шақтан бастап жазамыз. Әр бала өзі нақты шешім қабылдайды. Баланың ерте шешім қабылдауы деген бар. Ол сол шешімді бейсаналы түрде қазіргі өмірінде де қолданады.
Эльвира Қасым, психотерапевт:
- Шектен тыс ата-ана бақылылауында болған немесе мүлде ата-анасының назары болмаған балалар. Себебі, есею ол — жауапкершілікті сезіну. Ал шектен тыс бақылау не мүлдем ата-ананың назары болмауы баланың жауапкершілікті дұрыс сезінбеуіне әкеледі. Ал ойын ойнау өз өміріне қауіп төндірумен пара-пар. Жағалай қарыз бен кредит болғанда ойынқұмар өмірін қиюға да барады.
Коспаева Аяулым Өмірғалиқызы, отбасылық психолог:
- Баланың ойынқұмар болуына бір ғана нәрсе әсер етпейді. Мысалы, кей ата-аналар баладан талап етеді немесе шарт қояды: «Сенің осындай болғаныңды күтеміз», «Сен бір жай адам болатын адам емессің» және т.б. Бір қарағанда бұл мотивация беретін жақсы сөздер сияқты. Бірақ адамның жаны оны шартсыз жақсы көргенді қалайды. Сондықтан бала бейсаналы түрде жағымсыз әрекеттерге, біздің жағдайда азарттық ойындар ойнауға барады: «Мені жақсы болсам да, жаман болсам да жақсы көр». Мысалы, беспен оқыған балалар не үшін азарттық ойындар ойнайды? Ол бейсаналы түрде «мен осындай жаман болсам да мені жақсы көр» деп сондай әрекетке барады. Бірақ ол оны әдейі істемейді. Ал ақшасы жоқ адамдар «менің ақшам көп болса, мені олар жақсы көретін болады» деп осы әрекетке баруы мүмкін. Жанның қалауы — оны шартсыз жақсы көру. Тіпті, өз-өзін шартсыз жақсы көре алмайтындар бар. Егер өзіңізді, жақындарыңызды шартсыз жақсы көріп үйренсеңіз, проблемалардың азайғанын байқайсыз.