Елтаңба өзгере ме? Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрлік мемлекеттік рәміздерді өзгерту алгоритмін түсіндірді. Конституция жобалары бойынша шешімдер конституциялық заңдар арқылы, сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік өміріне қатысты өзге де аса маңызды мәселелер жалпыұлттық референдум, яғни жалпы халықтық дауыс беру арқылы қабылданатыны айтылды.
Конституцияның 54-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздерге қатысты кез келген өзгерістер мен толықтырулар Парламентте қаралады және жалпыұлттық референдум тәртібімен өткізіледі.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Елтаңбаны ауыстыру туралы шешім жалпы келісім болған жағдайда қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Министрлік осындай бастамалар шеңберінде шет елдерде мемлекеттік рәміздерге өзгерістер енгізу мәселелері бойынша талдау жүргізді. Алайда еліміздің бірқатар өңірінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар болуына байланысты бұл іс-шаралар тоқтатылды", - деп жазылған министрлік жауабында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!