Баяғыда алты алашқа белгілі Албан елінің жартысы арғы бетте отырады екен. Арғы бет деген Алатаудың Іле өзеніне дейінгі кең жазық, үлкен аңғары болса керек. Атап айтқанда, қазір сол жерлерде Шошанай, Сарыбұлақ, Сүмбе, Ақсу, Пияздық, Кетпен, Қалжат деп аталатын ауылдар бар. Мұның бәрі кейін қойылған ат емес, әрине. Қазақ пен қалмақтың талай жылғы қырғын соғысынан қалған ескерткіш сияқты. Өйткені Қалжат, Сүмбе дегендеріңіз — сол қалмақтың сөзі емес пе?
Қазақтың жауы көп болған ғой. Бір жағынан қалмақтар қырып кетсе, екінші жағынан қырғыздар келіп шауып кетеді. Шапқан жау малын ғана әкетуші ме еді, онымен қоса үйін өртеп, әйелін қинап, қыздарын да олжалап кетеді...