Батбаның дауымен Кене ханға барып келгенін және одан не бітіріп қайтқанын Жанқожа батыр ешкімге тіс жарып айтқан жоқ. Бұл оның бала күннен бергі бойына сіңген әдет еді. Ол келген бойында өз шаруасымен айналысып жүре береді. Ал ауыл адамдары болса батырдың барып келген сапарының нәтижесін білгісі келеді. Бірақ батырдан тікелей сұраудан айбынып, жиналып келіп анығын Бекбауыл биден сұрайды. Оларға Бекбауыл би былай деп жауап береді:
— Біздер алты жүз адам болып Кенесары ханға бардық. Кене хан да Жанқожаның даңқынан сескенді ме, болмаса күйеу екенін ескеріп атасын сыйлайын деді ме, әйтеуір «батыр келе жатыр» дегенді естіп ерекше дайындалған екен. Қара жермен жүрмесін...