Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешеніне барды, сондай-ақ Байқоңыр қаласының даму жоспарымен танысты.
Ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы "Союз-5" жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған "Зенит-М" ҒЗК инфрақұрылымы базасында жүргізіліп жатыр. 2018 жылы ресейлік тарап алаңды жалға алуды тоқтатқаннан кейін нысанды қазақстандық мамандар пайдалануда. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланған, ал алғашқы ұшу сынақтарын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр. Кешеннің жылына 6-8 зымыран ұшыруға мүмкіндігі бар.
Олжас Бектенов монтаждау-сынақ кешенін, сондай-ақ зымыран көлеміне шақталған көлік қондырғыларын қарап шықты. "Бәйтерек" БК" АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов кешенді заманауи жүйелерге сәйкестендіріп жаңғырту туралы баяндап, энергия тасымалдаушы жүйелерді тексеру кезеңдері, сондай-ақ "Бәйтерек" жобасы үшін мамандарды оқыту туралы хабардар етті.Үкімет басшысы "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешені бүгінде посткеңестік аумақтағы Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы екенін және екі мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Биыл оны іске асыруға 14,7 млрд теңге бағытталды, қаражаттың қалған бөлігін бөлу мәселесі қосымша пысықталатын болады. Олжас Бектенов экологиялық таза тасымалдағыштарда ғарыш аппараттарын сәтті ұшыру үшін мамандардың тығыз бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.
"Зымырандарды ұшыру мерзімдерін өзгертпеу керек. Үш ұшырылымның біріншісі келесі жылы өтуі тиіс. Жоба “Байқоңыр” кешенінің белсенді жұмысын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл орайда бірлескен кәсіпорындағы еңбек ұжымының жұмысы да маңызды. Сондай-ақ ғылыми ортамен де өзара тығыз іс-қимылды үзбеу керек", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қаланы дамыту жоспары туралы Премьер-министрге ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай баяндады. Қазіргі уақытта халықтың 70%-ын Қазақстан азаматтары құрайды. Табиғи өсім мен көші-қон ағыны есебінен оң динамика тіркеліп отыр. Қаланың қарқынды өсуін ескере отырып, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын ұлғайту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Мәселен, 600 орынға арналған мектеп салу жоспарланған, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қазақстандық білім беру стандарттары бойынша 2 балабақша ашылды, бұл кезекті екі есе төмендетуге мүмкіндік берді.
"Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер газдандырылды. Бұдан басқа, сумен жабдықтау және су бұру желілері жалға беруден алынып, облыстық коммуналдық меншікке берілді. "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне рұқсат алуды жеңілдету үшін цифрлық құралдарды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!