Қараой. Қазақ прозасындағы Махамбет бейнесі. Тарихи тұлғалар, Тәкен Әлімқұлов Ақыраптың ұзақ түнінде Мақамбеттің ұйқысы шала болды.
Ақыраптың ұзақ түнінде Мақамбеттің ұйқысы шала болды.
Әлденеден көңілі алағаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқын сәріде төсектен тұрып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды. Таң көктемнің таңындай толықсып атты. Күз таңы-ның мұншалық сұлулығын бұрын көрген емес-ті. Күн де көктемнің күніндей айдарланып, сансыз алтын найзасын шашағымен шашырата шықты. Қазіргі сәтте шашақты найзадан айрылған күн күйеудің жыртысқа түскен сал орамалындай пәршектенген кіреуке бұлт-тардың арасынан сығалап қарайды. Асқа тіккен алтын жамбыға да ұқсап кетеді...
Сауыры жалпиған шексіз даланың ішке бүккен бүйрегіндей дөңгеленген Қараойда Мақамбеттің жалғыз үй отырғанына үш айдың жүзі. Үстінен құс ұшпайтын шөл ойпаң көлденең таса. Дүрбі де тарта алмайды....