НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғам дамуы жоғары деңгейінің көрінісі -жануарларға адамгершілікпен қарау. Мұндай тұжырым жануарларға қатыгездік жасауға тыйым салатын халықаралық нормаларда нақты бекітілген. Елімізде де адам мен жануарлардың қарым-қатынасына қатысты мәселелер бірқатар заңнамалық актімен реттеледі. Бірақ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне қарағанда осы жылдың 9 айында жануарларға қатыгездік жасауға байланысты 50 құқық бұзушылық іс тіркелген. Яғни өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда құқық бұзушылық 13,6 пайызға артып отыр. Алдағы уақытта дәл осындай келеңсіздіктерді жою үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке жануарларға жауапкершілікпен қарауға бағытталған арнаулы заң әзірлеуді тапсырған еді. Күні кеше Сенат сол құжатты қабылдады.