Аударма әдебиеттің маңызы, оның қазірде алып отырған орыны, бұл жұмыстағы кемшіліктер туралы талай мақалалар жазылып, талай баяндамалар жасалып, қаулылар алынып жүр. Бірақ та баяғыдағы кемшіліктер әлі де жойылмай келеді, аударма әдебиет туралы сөз болған сайын баяғы бір кемшіліктер қайталанып айтыла береді. Ол кемшіліктер, қорыта келгенде мыналар: а) аударма кітаптардың көпшілігінің сапасы төмен, тілі нашар, мағынасы бұрмалануымен қатар, көркемдіктен жұрдай; мұның басты себебі — аударма жұмысы кім көрінгеннің қолында олжа болып, бұған әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар араласып кетті; б) аудармашылардың еңбегі ешбір жерде зерттелмей, қорытылмай келеді, ғылыми, творчестволық ұйымдарымыз, газет, журналдарымыз, сыншыларымыз аударма әдебиетке көңіл бөлмейді, жақсысын үлгі етіп,...