Аяқ қолға қыл бұрау түскеніне үш жыл толды.
Жүйрік домбыра күмбірінің күрмелгеніне де үш жыл болды.
Жазғытұрымғы шуақ та, жаңадан қылтиып бой көтерген көкті майда сипай жететін қоңыр самал да сергітер емес. Аяқ-қолды тас құрсаудай шырмап буып тастаған қыл арқан сәл қозғалса, жанын көзіне көрсетеді. Содан запыланған ол қыбырсыз отырып, нұры тайған көздердің қарашығы ойнамас күңгірт жанарымен бір нүктеге ұзақ телміреді.
Адам өмірі о баста оған мәңгі таусылмас, бітпес ғұмырдай сезілуші еді. Енді барлап отырса, сол аяқ-талмас дейтін тірліктің соңғы қақпасын жапқалы тұр. Бәрінен де бұрын қуаныш-қызығынан да, қайғы-қасіретінен де бөлек осы бір ақтық ажал сәтінің тағы қайталанбай жетері әрі...