Таңертеңнен аспан бозамық тартып түнере бастады. Түс ауа шулы үлкен қала жастанып жатқан сүңгі шыңдардың басына бұлт байланып, күннің қалпағы қисайып сала берді. Кешке қарай бұлт арасынан қалықтап түсе бастаған кәрі құда Қыс кең мол пішілген шапанының өңірін айқара ашып, сілкініп-сілкініп қалды. Қойны-қоншынан, сақал-мұртының арасынан аппақ қар қапалақтады. Ол ол ма, жерге түскен Қыс аппақ алты айыр тымағын жалаңаш жартасқа соғып-соғып қалып еді, құйын үйіріліп, жер дүниені қар басты. Тау етегінде мойнын ішке алып, қалғып жатқан қоңыр Күз қар астында көміліп қалды. Кешке қарай тамам қалалық ақ көбікті тізеден омбылап жүрді.
повесть
Кейіпкерлер — Н. қаласындағы көп қабатты үйдің тұрғындары.
Автобуста кездескен жігіт — қырықтарды қусырып қалған, аз сөйлеп, көп тыңдайды.
Айгүл – он бес жаста, орташадан жоғары оқиды, яғни үлгерім жағынан мақтау, даттау да қиын. Кластастары: «Есет атты тоғызыншы класс оқушысынан махаббат жайлы хат алған», - деседі. Осы нобайда аздап ұшқалақтау ма деген күдігіміз бар. Пәтері оныншы қабатта. Таңертең төсектен тұра сала балконға жүгіріп шығады да, күнге қолын созады.
Ергежейлі шал — алпыстан асқан көлгір жан. Тоғызыншы қабатта тұрады, қарақан басты, жалғызілікті кісі. Таңертең балконда көтеріліп қалған күнге қасқасын қыздырады. Бұрын циркте істеген. Қазір кептерді қолға үйретіп, сатып, ақша табатын...