Төртеуі тағы оңаша.
Түн, Тілеген, қол тоқпақтай ескерткіштің кішкене үлгісі, уыс-уыс үйіліп жатқан саз балшық....
Түннің терезені қамағаны болмаса, шеберханадағы тірлікке тигізген шапағаты да, кесір-кесепаты да шамалы — қою қара түс әйнекті бояй тұтып тұр. Тілеген болса екі қолын тізесінен асыра салбыратып, маңайындағы үлкен-кішілі көп мүсін ортасынан өзін бір сәт оңашалап, қарсы алдындағы жаңа біткен ескерткіштің шағын үлгісінен көзін алмай үнсіз отыр.
Әзірше аласа, ал ертең-ақ қаланың ең көрнекті алаңына орнатылған күні мыңдаған, миллиондаған адамдардың бойларынан асыра бір-ақ көтеріп, биіктетіп тастайтын тұғыр үстіндегі гипстен соғылған жас жігіттің бұрқыраған қалың шашының көлеңкесін төбеден саулап құйылған жарық оның кең маңдайына итермелеп түсіріпті......