Ақтөбе прокуратурасы сегіз адамның қазасына себепкер болған 37 жастағы Беларусь азаматын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік жүргізу құқынан да айырылуы мүмкін. Сот жарыссөзі жұма, 13 желтоқсан күні кешке өтті.
Сотталушы биыл тамыз айында Самара - Шымкент тас жолының бойында қарсы бағытқа шығып кетіп, бір көлікте отырған футбол жарысына бара жатқан 5 бала мен 3 ересектің ажалына себепкер болған еді.
Тергеу материалдарына қарағанда, Беларусь азаматы Сергей Соловьев жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағыттағы Toyota Ipsum маркалы көлікпен соқтығысқан. Тергеу MAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісіне «екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған көлік жүргізу қағидаларын бұзды» деген айып тақты.
Жол апатынан қаза болған сегіз адамның бәрі – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Қарашатау ауылының тұрғындары. Такси жүргізушісінен өзге жеті адам облыс орталығы Ақтөбеге жетіп алып, одан әрі пойызбен Маңғыстау облысында футболдан өтетін жарысқа бармақ болған.
9-11 жас аралығындағы футболшы балаларды жарысқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Әбілқаев бастап бара жатқан. Апатқа ұшыраған көлікте мұғалімнің екі ұлы 9 жастағы Омар мен 11 жастағы Мұхамбет те болған.
Бұл оқиға 2024 жылғы 7 тамыз күні Самара-Шымкент тас жолының 862-ші шақырымында болған. Toyota Ipsum көлігіндегі сегіз адамның бәрі оқиға орнында қаза болды. MAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
Полицияның мәліметінше, биыл Ақтөбе облысында 1141 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 22 бала қайтыс болып, 385 бала жарақат алған.